Жақында eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде қолжетімді болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік қызмет алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі – eGov GPT. Министрдің айтуынша, бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі іздейтін.
Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы, “Маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек” немесе “Биыл балам бірінші сыныпқа барады” деп жазса болды. eGov GPT қажетті қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды және қызметті толық рәсімдеп береді, – деді Мәдиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Интеллектуалды цифрлық ассистентте сұранысы жоғары 50 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ол мемлекет пен азаматтар арасындағы барлық мәселе бойынша әмбебап AI-ассистентке айналуға тиіс. Жақын арада eGov GPT ұлттық Aitu мессенджерінде де қолжетімді болады, – деп атап өтті вице-премьер.
Осы орайда министр азаматтар мен бизнеске арналған ведомстволық AI-агенттерді eGov GPT-пен байланыстыру қажеттігін де айтты.
