Астанадағы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпарат кеңістігінде тараған eGov жүйесінің бұзылуы және 15 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарауы туралы хабарламаны ресми түрде жоққа шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінде ешқандай бұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткізіліп, оларға талдау жасалған.
«Сонымен қатар, біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. Және eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды», — делінген министрлік хабарламасында.
Министрлікте бұл ақпараттың жалған екенін растайтын басқа да фактілер бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді. Сонымен қатар, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады.
«Сондықтан тағы да ресми түрде мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — дейді министрлікте.
Сондай-ақ ведомство өкілдері darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейтінін ескертті. Бұл жағдай азаматтардың алаңдауын тудырмауы керек, өйткені ресми тексеру нәтижелері eGov жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.
