Қазақстанда eGov Business қосымшасы арқылы банк картасын ашу мүмкіндігі пайда болады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта eGov Business-те бизнесті тіркеу, шот ашу, лицензия алу, бизнесті дамыту, компания құрылымына өзгерістер енгізу және жеке кәсіпкерлікті жабу сияқты қызметтер бар. Осы айдың басында қосымша арқылы бизнестегі үлесті сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі іске қосылды.

Корпоративтік картаны рәсімдеу

Жақын арада кәсіпкерлер банкке бармай-ақ, корпоративтік Visa банк картасын тікелей eGov Business қосымшасы арқылы рәсімдеп, оны бірден Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay жүйелеріне қоса алады. Картаның деректемелері қосымшада қолжетімді болады. Алайда платформа оларды сақтамайды және көрмейді – бұл үшін банк пен Visa жауап береді, деді Мәдиев.

Smart Contract сервисі

Министрдің айтуынша, қыркүйек айында eGov Business-те Smart Contract сервисі іске қосылады. Оның көмегімен шарттар мен мәмілелерді, соның ішінде мердігерлермен жасалатын келісімшарттарды цифрлық қолтаңба арқылы бекітіп, толықтай электронды форматта рәсімдеуге болады. "Қағаз да, делдал да қажет емес", – деді министр.