Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының отырысында ЕЭК Алқасының 2018 жылдың 6 наурызындағы №36 шешіміне түзетулер енгізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Тасымалдауға және/немесе пайдалануға дайындалған мұнайдың қауіпсіздігі туралы» ЕЭО техникалық регламентінің өтпелі ережелері 2030 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды, делінген ЕЭК мәлімдемесінде.

ЕЭК түсіндіргендей, ұзарту көптеген кен орнында мұнай өндірісінің тоқтап қалу қаупін жоюға бағытталған.

«Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланушылар мұнайдағы күкіртсутектің құрамын техникалық регламентпен белгіленген шекте қамтамасыз ете алмайды, себебі Одақ нарығында қауіпсіз күкіртсутек сіңіргіштері жеткіліксіз», — деп жазылған хабарламада.

ЕЭК Алқасының шешімі ресми жарияланғаннан кейін 30 күнтізбелік күннен кейін күшіне енеді.

Бұған дейін ЕАЭО халықаралық жүк тасымалы үшін электрондық рұқсаттарды қолдануға көшуге дайын екені хабарланған болатын.