Қазақстанда электрондық цифрлық қолтанбаның (ЭЦҚ) мерзімі аяқталғаны туралы жалған қоңыраулар жиілеп кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-сының ресми сайтына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, алаяқтар электрондық цифрлық қолтанбаның мерзімін ұзартуды немесе қайта шығаруды ұсынады. Одан кейін SMS арқылы келген кодпен операцияны растауды сұрайды.

Алаяқтық схема қалай жұмыс істейді?

Ресми хабарламада айтылғандай, көбінесе алғашқы қоңырау алаяқтық схеманың бір бөлігі ғана болады. Оның мақсаты – азаматтың алаңдаушылығын туғызып, сеніміне кіру. Осыдан кейін өзін «қауіпсіздік қызметкері» ретінде таныстыратын екінші алаяқ қоңырау шалуы мүмкін. Ол қандай да бір қауіптің бар екенін айтып, дербес деректерге, SMS-кодтарға немесе пайдаланушының құрылғысына қол жеткізуге тырысады.

Мамандар кеңесі

Компания мамандары алаяқтарға SMS-кодты немесе ЭЦҚ деректерін айтып қойған жағдайда үрейленбеуге кеңес берді. Себебі SMS-кодты алудың өзі ЭЦҚ-ны қайта шығаруға немесе несие рәсімдеуге мүмкіндік бермейді. Ондай операцияларды жүзеге асыру үшін жеке тұлғаны қосымша растау, оның ішінде биометриялық сәйкестендіру қажет.

Қауіпсіздік шаралары

  • 01Үшінші тұлғаларға SMS-кодтарды және ЭЦҚ деректерін хабарламау;
  • 02Бейтаныс қоңырау шалушылардың нұсқауларын орындамау;
  • 03Күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • 04Белгісіз қосымшаларды орнатпауға және оларға өз құрылғыңызға кіруге рұқсат бермеу;
  • 05ЭЦҚ-ның қолданылу мерзімін өз бетінше тексеруге және тек ресми сервистерді пайдалану.

Заң талаптары

Бүгінде заң бойынша ЭЦҚ-ны қайта шығару үшін бір ғана SMS-код жеткіліксіз. Ол үшін белгіленген сәйкестендіру рәсімінен, оның ішінде биометриялық аутентификациядан өту қажет. Ал eGov және 1414 байланыс орталығының мамандары, тіпті, құқық қорғау органдарының қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодтарды ешқашан сұрамайды. ЭЦҚ кілтін немесе оған арналған парольді беруді талап етуге де құқығы жоқ.

ЭЦҚ мерзімін қалай тексеруге болады?

ЭЦҚ-ның қолданылу мерзімін eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Профиль» – «Менің ЭЦҚ-ларым» бөлімінен, сондай-ақ pki.gov.kz сайтында авторизациядан өткеннен кейін «Менің ЭЦҚ кілттерім» – «ЭЦҚ кілттерінің тізімі» бөлімінен тексеруге болады.