Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі импорт көлемі ұлғайып, сонымен бірге импорттық бағалары айтарлықтай төмендеген тауарларға қатысты импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссияның хабарлауынша, мөлшерлемелердің Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясындағы міндеттемелермен белгіленген деңгейге дейін көтерілуі, басқалармен қатар, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне, электрониканың кейбір түрлеріне және жабу арматурасына (құбыр өткізгіш арматурасына) қатысты болмақ.
«Бұл шара Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі қолданыстағы өндірістік қуаттарды қорғауға, жұмыс орындарын сақтап қалуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен импортты алмастыруды дамытуға бағытталған», – деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
ЕЭК Кеңесінің шешімі ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді және 2027 жылдың қыркүйек айының соңына дейін қолданыста болады.
