Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Данияр Иманәлиев Зимбабвенің Ресейдегі елшісі Марк Маронгвемен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында ЕЭК министрі Зимбабвенің мемлекеттік басқару органдары мен бизнес өкілдеріне Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы реттеу рәсімдері бойынша өзара ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.

«ЕАЭО елдерінің ортақ нарығы Зимбабве бизнесі үшін қызығушылық тудыруы мүмкін. Ынтымақтастықтың әлеуетті серіктестері ретінде тау-кен өнеркәсібі, технологиялар, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы компаниялар қарастырылуы ықтимал», – деді Данияр Иманәлиев.

Тараптар сондай-ақ ЕЭК пен Зимбабве үкіметі арасында өзара іс-қимыл туралы меморандум жасау мүмкіндігін талқылады.

Ал елші Марк Маронгве Зимбабве мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық көлемі екі есеге жуық өскен.