Женевада өткен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) «ережелер апталығында» Еуразиялық экономикалық одақтың нарықтарды қорғау тәжірибесі таныстырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады. ЕАЭО-ның демпингке қарсы тергеп-тексеру жұмыстарын ДСҰ-ның бейінді органдарының бірқатар отырысында ЕЭК Ішкі нарықты қорғау департаментінің директоры Андрей Захаров таныстырды.
«Дүниежүзілік сауда ұйымының іс-шараларына қатысу ДСҰ-ға мүше, осы мәселеге мүдделі мемлекеттермен сындарлы диалог орнатуға, ЕАЭО-ның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға, сондай-ақ одақтың ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану тәртібі мен тергеп-тексеру барысында өз мүдделерін қорғау мүмкіндіктері туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесулер барысында қатысушылар мына мәселелерді талқылады:
- 01тергеп-тексеру барысында жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері мен перспективалары;
- 02цифрландыру жағдайында құпия ақпаратты қорғау;
- 03кадрларды даярлау және кадрлық құрамды сақтау мәселелері;
- 04тергеп-тексерудің тиімділігі мен жеделдігін арттыру жолдары;
- 05шешім қабылдау кезінде қоғамдық мүдделерді ескеру.
Андрей Захаров бірқатар жұмыс кездесуін өткізді. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрі ДСҰ құрамына кіретін мемлекеттердің өкілдерімен, сондай-ақ ДСҰ хатшылығының Ережелер жөніндегі бөлімшесінің басшылығы және қызметкерлерімен кездесулер болды.
