Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен үшінші елдер арасындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісім күшіне енді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады. Комиссияның мәліметінше, құжаттың нормалары әлемдегі озық тәжірибеге негізделген және ЕАЭО елдері мен үшінші мемлекеттердің кеден қызметтері арасындағы транзиттік жүк тасымалын бақылау саласындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол трансшекаралық сауданы дамытуға қосымша мүмкіндік ашады. "ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік транзит жүйесін енгізу, оның ішінде оған үшінші елдердің қосылуы трансшекаралық тасымалдардың қауіпсіздігі мен ашықтығын арттыруға, Еуразия кеңістігіндегі жүк тасымалының үздіксіздігін қамтамасыз етуге және жүктерді межелі жерге жеткізуге кететін бизнес шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді", – деді ЕЭК-тің кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Сергей Шкляев.
Келісімнің маңызды жаңалықтарының бірі – ЕАЭО елдері мен үшінші мемлекеттердің кеден органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау. Бұл транзиттік декларациялар, кедендік бақылау нәтижелері және жүк тасымалының мәртебесі туралы деректермен алмасуға жағдай жасайды. "Өзара іс-қимыл барлық келісімге қатысушы тараптар үшін бірыңғай форматта толтырылатын ортақ транзиттік декларация негізінде жүзеге асырылады", – деп атап өтті ЕЭК.
Келісімде тасымалды бақылаудың заманауи құралы ретінде электронды пломбаларды пайдалану да қарастырылған. Сонымен қатар, құжатта кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану тетігі көзделген. ЕЭК мәліметінше, ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік транзит жүйесі жеткізу бағыттарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Өйткені жеңілдетілген транзиттік рәсімдер ЕАЭО мен үшінші елдердің кедендік аумағы арқылы өтетін бағыттардың тартымдылығын арттырып, жаңа нарықтарға шығуға жол ашады.
