5 қазанда ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы еркін сауда туралы келісімнің күшіне енгеніне 10 жыл толды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады. Осы жылдар ішінде ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 1,9 есеге өсіп, 2016 жылғы 4,3 миллиард доллардан 2025 жылы 8,3 миллиард долларға жетті.

«Вьетнам ЕАЭО сауда келісімдері желісін дамытуды бастаған алғашқы ел болды. Қазіргі уақытта республика одақтың бизнес қауымдастығы үшін Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі негізгі серіктестердің бірі болып қала береді», — деп атап өтті ЕЭК.

Комиссияның мәліметінше, келісімді іске асыру жөніндегі жұмыс органдарының отырыстары мен жоғары деңгейдегі кездесулердің тұрақты өткізілуі туындайтын мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға және одан әрі ынтымақтастық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы сауда көлемі тоғыз жыл ішінде 90%-ға артқаны хабарланған болатын.