Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) әлемдегі басқа өңірлік бірлестіктерден айырмашылығы — өзіне жеткілікті энергетикалық базасы бар. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Қожошев VIII Қырғыз-Ресей экономикалық форумы аясында өткен сессияда мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, одаққа мүше бес мемлекетке әлемдік энергетикалық ресурстардың едәуір бөлігі тиесілі:
- 01Табиғи газдың әлемдік қоры мен өндірісінің 20%-ы;
- 02Көмірдің әлемдік қорының 20%-ы;
- 03Мұнайдың әлемдік қорының 7%-ы және өндірісінің 15%-ы;
- 04Әлемдік электр энергиясы өндірісінің шамамен 5%-ы;
- 05Уранның әлемдік қорының 21%-ы және өндірісінің 43%-ы.
Сонымен қатар, ЕАЭО-дағы өнеркәсіп өндірісінде отын-энергетика кешенінің үлесі 30%-дан асады.
Негізгі міндет – ішкі тиімді бөлу
"Одаққа негізгі энергия ресурстарын сырттан импорттаудың қажеті жоқ. Басты міндет – энергия ресурстарын өз ішінде тиімді бөлудің тетіктерін қалыптастыру", – деді ЕЭК министрі.
Қожошевтің айтуынша, ЕАЭО-ның ортақ электр энергиясы, мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын құру осы міндетті шешуге бағытталған. Олар алдағы бірнеше жылда іске қосылады деп болжанған. Бұл Одақ кеңістігіндегі барлық шаруашылық субъектісіне энергия ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс.
