Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты рәсім Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі. Салтанатты рәсім барысында Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды.

Ал IJF Бас хатшысы Лиза Аллан туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке салтанатпен табыстады.

Астана 2027 жылы әлем чемпионатын қабылдайды

«Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 7–14 маусым аралығында Астана қаласында өтеді. Аталған дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды жарыс. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін қажетті рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі», – деп жазылған хабарламада.

Есекеев: дайындыққа басымдық беріледі

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев әлем чемпионатына дайындық барысында жарысты ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық берілетінін айтты.

«Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – халықаралық спорт қауымдастығының елімізге білдірген сенімінің көрінісі. Біздің міндетіміз – жарысты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай өткізу және ұлттық құраманың дайындығын қамтамасыз ету», – деді Есекеев.

12 жылдан кейінгі қайта оралу

Осылайша, 2027 жылы дзюдодан әлем біріншілігі араға 12 жыл салып қайтадан Қазақстанда өтеді. Осыған дейін 2015 жылы Астана қаласында әлем біріншілігі ұйымдастырылған болатын.

Сонымен қатар, 2023–2026 жылдар аралығында Қазақстан төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген, Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқаратын беделді Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді.

Бакудегі жетістік

Айта кетері, Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов (-60 кг) финалға шығып, күміс жүлдегер атанған болатын.