Аты аңызға айналған Джеки Чан Маңғыстауға келді. Әйгілі актер Маңғыстау жеріне халықаралық «Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) көркем фильмінің түсіріліміне қатысу үшін арнайы ат басын тіреді. Фильмнің басты түсірілім орындарының бірі – Бозжыра шатқалы болмақ. Джеки Чанды өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай күтіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол мұндай ауқымды халықаралық жобалардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және Маңғыстаудың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын күшейтуге зор серпін беретінін атап өтті. «Джеки Чан жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Маңғыстаудың табиғи ландшафттары ерекше кинематографиялық әлеуетке ие екенін және болашақ фильмнің ең көрнекті көріністерінің біріне айналатынын айтты», - дейді Маңғыстау облысының ресми ақпараттық арнасы.
Айта кетері, «Доспехи Бога 4: Ультиматум» (Armour of God: Ultimatum) жобасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Фильмнің өндірісімен қазақстандық Sәlem Entertainment компаниясы айналысады.
