Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Дубайда өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы ірі турнирдегі алғашқы кездесуін өткізеді. Ол екінші айналымда аустралиялық теннисші Кимберли Бирреллмен кортқа шығады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Әлемнің үшінші ракеткасы ретінде Рыбакина жарысты бірден екінші айналымнан бастап отыр. Оның қарсыласы – дүниежүзілік рейтингте 94-сатыда тұрған аустралиялық Кимберли Биррелл. Сарапшылар бұл кездесуде қазақстандық спортшыны айқын фаворит санайды.
Ойын бүгін, 17 ақпан күні Астана уақытымен шамамен 20:00-де басталады. Бұған дейін теннисшілер кортта бір-біріне қарсы ойнамаған.
Елена Рыбакина былтыр осы турнирдің жартылай финалына дейін жеткен еді. Биыл да ол жарыстың басты үміткерлерінің бірі болып есептеледі. Дубайдағы турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион доллардан асады.
Фото: Әлеуметтік желіден
