Украина президенті Владимир Зеленский Axios-қа берген сұхбатында украин қоғамы Донбасты бейбітшілікке айырбастауға ешқашан келіспейтінін және аумақтық тұтастықтан бас тартуды көздейтін келісімге бармайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Зеленскийдің сөзінше, америкалық делдалдар оған «Ресей соғысты шынымен тоқтатқысы келеді» дегендей белгі берген. Осыған сүйеніп, келіссөздердегі ұстанымды үйлестіруді ұсынған. Алайда Украина президенті бұған күмәнмен қарайтынын жасырмады. Ол делдалдарға украин жұрты «сәтсіз тарих» санайтын жоспарды күштеп таңуға болмайтынын ескертті.

««Адамдар мұны эмоционалды түрде ешқашан кешірмейді. Ешқашан. Бұл – біздің еліміздің, азаматтарымыздың, туымыз бен жеріміздің бір бөлшегі», – деді Зеленский аумақтан бас тарту мүмкіндігіне қатысты.»

Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың жеңілдік жасауға шақырған үндеуін «әділетсіз» деп атады, бірақ бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы күш-жігері үшін алғыс білдірді. «Бұл оның қабылданған шешімі емес, жай ғана тактикасы шығар деп үміттенемін. Мен қысымға көнетін адам емеспін», – деп қосты Украина басшысы.

Президенттің айтуынша, Вашингтон мен Киев кез келген түпкілікті келісімді референдумға шығаруға уағдаласқан. Егер құжатта тек украин әскерін шығару және Донбасстағы егемендіктен іс жүзінде айырылу қарастырылса, халық оны қабылдамайды. Ал қазіргі майдан шебін сақтап қалу нұсқасы қолдау табуы мүмкін.

Америкалық делдалдар Донбаста егемендік мәртебесі белгісіз, қарусыздандырылған «еркін экономикалық аймақ» құруды ұсынған. Зеленский әскерді кері қайтаруды талқылауға дайын екенін, бірақ бұл аумақта Ресейдің егемендігін мойындамайтынын жеткізді. Ол соғысты тоқтатудың басты кілті – Путинмен жеке кездесу екенін тағы да атап өтіп, өз командасына Женевада басқосу ұйымдастыруды тапсырғанын айтты.

««Біздің мұның бәріне жұмсайтын уақытымыз жоқ. Сондықтан тез арада шешім қабылдап, соғысты аяқтауымыз керек», – деді ол.»

Сонымен қатар президент ықтимал бітім кезінде жаңа сайлау референдуммен қатар өтуі мүмкін екенін жоққа шығармады және «бәрі халықтың қалауына байланысты болатынын» айтып, өз кандидатурасын ұсынуы ықтимал екенін меңзеді.

Фото: Әлеуметтік желіден