Қазақстанда «Додо Пицца» желісінің сайты мен қосымшасы қолжетімсіз болды. Сбой салдарынан жеткізуге, өзі алып кетуге немесе пиццерияда тапсырыс беруге мүмкіндік жоқ, деп хабарлады желінің қазақстандық аккаунты Threads әлеуметтік желісінде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Түнгі авария
Компания түсіндіргендей, түнде оның сервистері жұмыс істейтін инфрақұрылымда орналасқан бұлттық провайдерде ауқымды авария болған. Хабарламада провайдердің атауы көрсетілмеген.
Желі мамандары провайдермен бірлесіп жүйені қалпына келтіріп жатыр. Жұмыстың қайта басталуының нақты мерзімі әзірге аталмаған — компания сервистер қайта қолжетімді болған кезде хабарлауға уәде берді.
Ақша қайтарылады
Тапсырысын төлеп қойып, бірақ оны ала алмаған клиенттерге тексеруден кейін ақшасы қайтарылады.
«Егер сіз тапсырысты төлеп қойып, ол келмесе, ақша жоғалмайды: біз бәрін тексеріп, қайтарамыз», — деп хабарлады «Додо Пицца».
Желі сондай-ақ клиенттерден келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
Бұған дейін не болды
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда «Яндекс Go» жұмысындағы сбойлар туралы жазған болатын, оның салдарынан пайдаланушылар такси мен жеткізуге тапсырыс бере алмаған. Компанияда техникалық мәселелер расталып, таратылған инфрақұрылымның жекелеген компоненттеріндегі ақаулар бірден бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін екендігі түсіндірілген.
Одан бұрын «Додо Пиццаның» IT-жүйесі кибератакаға ұшыраған, оны компания өзінің Telegram-арнасында растаған. Қаскүнемдер клиенттердің бір бөлігінің аты-жөніне, байланыс деректеріне, мекенжайларына және тапсырыс тарихына қол жеткізуі мүмкін болған. Желі төлем деректеріне зиян келмегенін мәлімдеген.
