Алматыда пранк жасап, көпшіліктің көзінше дипломын жыртқан студент қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау салтанатынан кейін диплом мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртып тастаған.

Тексеру кезінде дипломның түпнұсқасы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны берген түпнұсқа мұқабасы бүлінбегені анықталды. Бейнежазбада алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.

Соған қарамастан жарияланған бейнеролик интернет желісінде кеңінен тарап, қоғамда түрлі пікір туғызып, полицияның тексеруіне негіз болды.

Бейнежазба авторы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі "Ұсақ бұзақылық" бойынша бес тәулікке қамауға алынды, - дейді Алматы полициясы.