Үкімет 2029 жылға дейін Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды: азаматтардың өмірін жақсарту, бизнес пен экономиканы дамыту, мемлекеттік басқаруды цифрландыру.
Білім беруде ЖИ енгізу
Басты бағыттардың бірі – білім беруге ЖИ-ді жаппай енгізу. 2029 жылға қарай мектеп, колледж және ЖОО түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ-дің базалық дағдыларын меңгеруге тиіс. Ал 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру үдерістеріне ЖИ технологияларын енгізеді.
Денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтер
Денсаулық сақтау саласында бірыңғай цифрлық жүйеге көшу, медициналық self-service сервистерін кеңейту және клиникалық шешімдер қабылдауда ЖИ қолдану жоспарланған.
"Мемлекеттік қызметтерде азаматтардың уақытын үнемдеуге басымдық беріледі. ЖИ, проактивті сервистер мен автоматтандыру кеңінен енгізіліп, 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқаруға тиіс", - деп жазылған үкіметтің хабарламасында.
Экономиканы цифрландыру
Экономика саласында цифрландыру энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және АӨК-ті қамтиды. 2029 жылға қарай энергетикалық активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу, ал техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарланып отыр.
Көлік және логистикада Smart Cargo жүйесі арқылы жүктерді цифрлық паспортпен және бүкіл маршрут бойынша трекингпен сүйемелдеу енгізіледі. Бұл өткізу пункттеріндегі уақытты қысқартуға және логистикалық процестердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайту, цифрлық жетілу деңгейін бағалау және жеке цифрландыру жол карталарын әзірлеу көзделген. Салық саласында процестерді автоматтандыру арқылы "көзге көрінбейтін" салықтық әкімшілендіру моделіне көшу жоспарлануда.
"Қаржы секторында 2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын қауіпсіз цифрлық ақпарат алмасу жүйесіне қосу көзделген", - дейді мамандар.
IT-индустрия және цифрлық инфрақұрылым
Қазақстанның IT-индустриясын дамыту аясында 2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын кемінде 50%-ға арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар робототехника орталықтары мен отандық IT-интеграторларды қолдау қарастырылған.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін "ДӨО алқабын" іске асыру, заманауи есептеу қуаттарын орналастыру және ЖИ технологияларын кеңінен енгізуге жағдай жасау көзделген.
Сонымен қатар цифрлық мемлекетті дамыту аясында киберқауіпсіздікті күшейту, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғау және азаматтардың дербес деректерін бақылауына мүмкіндік беретін сервистерді енгізу жоспарлануда.
