Құрылтайдағы «Ақ жол» фракциясы жүргізуші куәлігін алуға арналған емтиханға өзгеріс енгізу мәселесін көтерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат Мейрам Шынасилованың айтуынша, бүгінде арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтиханды ұзақ күтуге тура келеді.
«Кейде 6 айға дейін созылады. Жазылу тетігі ашық емес, қай орынның кімге және қалай берілгені белгісіз. Ал тапшылық пен ашықтық жоқ жерде ақылы делдалдар пайда болмай қоймайды», — деді Шынасилова Құрылтайдың бүгінгі отырысында.
Фракция депутаттары осы мәселеге қатысты үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:
- 01Кезектерді қысқарту мақсатында мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзарту;
- 02Теориялық және практикалық емтихандарды қабылдау орындарын көбейту үшін Ұлттық тестілеу орталығының және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің базасын пайдалану;
- 03Белгіленген бірыңғай талаптарға сәйкес келетін жеке құрылымдар мен жеке автодромдарды аккредиттеу арқылы емтихан қабылдауға тарту;
- 04Емтиханға жазылуды тек eGov және eGov Mobile арқылы жүзеге асыру.
