Мәжіліс депутаттары балалар психологиясына кері әсер ететін интернет контентті шектеу шараларын күшейтуді талап етті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төменгі палата өкілі Данабек Исабектің айтуынша, бүгінде интернетте қазақ тіліндегі сапалы контент тапшы. Ал танымдық платформалар, анимация, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы агрессивті ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.

«Бұл – өте маңызды әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Себебі дәл осы кезеңде балалардың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы және құндылықтық бағдары қалыптасады. Бүгінде балаларымыздың санасын мектептен бұрын TikTok тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек-ақ. Әсіресе, жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақыты бірнеше есе артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа видеоларға, бақылаусыз контентке тәуелді болып, түрлі алгоритмдік ақпараттық ықпалдың ортасына түсуде», - деді Исабек мәжілістің бүгінгі отырысында.

Ал дамыған мемлекеттер цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияның негізгі алаңы ретінде қарастырады. «Мысалы, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпал қалыптастырса, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды, ал Түркия тарихи сериалдар арқылы мәдени ықпалын күшейтіп отыр. Қазіргі жағдайда балаларға арналған қазақша мультфильмдер аз, ғылыми-ағартушылық YouTube жобалары жеткіліксіз, қазақ тіліндегі IT және білім платформалары әлсіз, балалар психологиясына зиян контентке бақылау жеткіліксіз болып отыр», - деді депутат.

Осыған байланысты ол үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсыныс жасады: - балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту бойынша мемлекеттік стратегия қабылдау; - жазғы каникул кезеңінде жасөспірімдердің интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейту; - TikTok, YouTube, Instagram және өзге де цифрлық платформалардағы балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша құқықтық және техникалық тетіктерді жетілдіру; - қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы, ғылыми-ағартушылық және тәрбиелік медиажобаларды мемлекеттік қолдау мен қаржыландыру көлемін арттыру.