Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров мектептерде балаларға амандасу әдебін үйретуді ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылтайдың бүгінгі отырысында Сайыров мәдениет және ақпарат министріне депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсынысты қарастыруды сұрады.
Оның айтуынша, амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі. Ал жаһандану жағдайында әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтаған маңызды.
«Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», – дейді Сайыров.
Депутат бұл мәселеге бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясат ретінде қарау қажет деп санайды.
Ұсыныстар:
- 01амандасу әдебі бойынша нақты әдістемелік ұсынымдарды дайындау;
- 02мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізу;
- 03сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыру;
- 04мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу.
