Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова президент жолдауынан кейін нақты кімнің жалақысы өсетінін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тоқаев биылғы жолдауда учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыруды тапсырған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, президент айтқан мамандар бүгінде бір жерде тұрақтамайды. Соның салдарынан бір жылдың ішінде медициналық ұйымдарда учаскелік қызмет мамандарының ауысуы 50%-ға жеткен.
«Мысалы, учаскелік дәрігер мен учаскелік медбикенің жұмысы көп, үйге барады, өз учаскесін аралайды. Шыны керек, психоэмоциялық жағынан өте ауыр. Осыған байланысты үздіксіз еңбек өтіліне қарай үстемеақыны арттыруға тапсырма берілді. Үздіксіз еңбек өтілі керек, осылайша, біз маманның бір учаскеде тұрақты жұмысын қамтамасыз етеміз», - деді Әлназарова үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, үздіксіз еңбек өтіліне қарай үстемеақы әлеуметтік қызметкерлер мен патронаждық медбикелерге де төленеді. «Қазіргі кезде депутаттармен жаңа түзетулерді пысықтап жатырмыз», - деп атап көрсетті Әлназарова.
Қосымша ақының мөлшерлері: - 2 жылдан астам үздіксіз еңбек өтілі үшін лауазымдық жалақының 20%-і; - 3 жылдан астам еңбек өтілі үшін 30%-і; - 5 жылдан астам еңбек өтілі үшін 50%-і.
Осылайша, үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы енгізілгеннен кейін ауылдық жерлердегі ең жоғары еңбек өтілі бар жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы қосымша ақыны ескергенде 760 мың теңгеге, ал қалаларда 607 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
