Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейбір медициналық бұйымдардың бағасын 25%-дан 90%-ға дейін төмендету жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында министр дәрі-дәрмек бағасын реттеу шараларының нәтижелеріне тоқталды. Цифрлық мониторинг деректеріне сәйкес, айналымдағы дәрілік заттардың 50%-дан астамының бағасы тұрақты сақталған, ал 799 дәрінің бағасы төмендеген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықтағы дәрілік заттардың түр-түрін көбейту мақсатында рецептсіз босатылатын барлық дәріге, сондай-ақ бағасы бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептпен берілетін дәрілерге мемлекеттік бағаны реттеу шаралары алынып тасталды. Алғашқы нәтижелер бойынша дәрілердің 90%-ының бағасы төмендеген. Бұл – оң нәтиже», – деді Әлназарова.
Сонымен қатар министр медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделі бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Алдын ала есептеулер бойынша, кейбір медициналық бұйымдардың бағасын 25%-дан 90%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл модельді биыл желтоқсан айында іске қосу көзделген», – деді ол.
