Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Аданом Гебреиесус Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесінің учаскелік қызметінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы шешімін қолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасына сәйкес, ДДСҰ басшысы өзінің желідегі парақшасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыруға деген ұстанымын, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты назарында ұстауға бағытталған бастамасын жоғары бағалайтынын жазды.

Доктор Гебреиесусстың айтуынша, медициналық-санитариялық алғашқы көмекке инвестиция салу және медицина қызметкерлерін қолдау арқылы Қазақстан саяси ерік-жігер мен көшбасшылықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қалай ықпал ете алатынын көрсетіп отыр.

«Учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыру – бұл тек материалдық қолдау шарасы ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіндегі алғашқы буын қызметкерлерінің маңызды рөлін мойындау», – дейді ол.

Себебі науқастар ең алдымен осы мамандарға жүгінеді, денсаулық жағдайын тұрақты бақылап, ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі және халық денсаулығын сақтауға елеулі үлес қосады.

Бұған дейін президент кейбір мамандардың жалақысын 40%-ға арттыруды тапсырғаны хабарланған болатын.