Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус әлемнің пандемияларға жеткілікті деңгейде дайын емес екенін айтып, мемлекет басшыларын нақты іс-қимылдар жөнінде келісімге келуге шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ДДСҰ басшысы осы аптада әлем көшбасшылары пандемиялардың алдын алу, оларға дайындық және жауап шаралары мәселелері бойынша өз міндеттемелерін растау үшін Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына жиналатынын еске салды.
«Саяси декларацияда әлемнің пандемияларға әлі де жеткілікті деңгейде дайын еместігі анық айтылған», — деді ол әлеуметтік желілерде жарияланған бейнеүндеуінде.
Гебрейесустың пікірінше, бұл сын-қатерге жауап беру үшін нақты, нәтижесі анық көрінетін және шұғыл шаралар қажет.
«Бұл жергілікті және ұлттық деңгейлердегі әлеуетті арттыру мен нығайтуды, эпидемиологиялық қадағалауды, зертханаларды, ерте ескерту жүйелерін, сондай-ақ инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау шараларын күшейтуді білдіреді», — деді ол.
Ұйымның бас директорының атап өтуінше, көшбасшылар Пандемия туралы келісімге патогендерге қол жеткізу және алынған пайдаларды бөлу жөніндегі қосымшаны әзірлеу жұмысын аяқтауы қажет.
