18 жастағы қазақстандық Дамир Жалғасбай 16 жастағы америкалық Сафир Азаммен жұптасып, юниорлық US Open-2026 жартылай финалында американдық Танишка Кондури мен Марчел Латаққа 3:6, 7:6 (8:6), 5:10 есебімен жеңілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші сетте Дамир мен Сафир қатарынан үш геймді ұтылып қалды: есеп 2:1-ден 2:4-ке өзгерді. Партия соңына дейін қазақстандық пен оның серіктесі қарсыластарының брейкін қайтара алмады – 3:6.

Екінші сетте қазақстандық серіктесімен бірге 3:1 есебімен алға шықты, бірақ басымдылықты жоғалтып алды. Дегенмен тай-брейкте қарсыластарын тізе бүктірді – 8:6.

Ақыры бәрі супертайбрейкте шешілді. Бұл қазақстандық пен американдық үшін турнирдегі үшінші супертайбрейк болды. Алғашқы екеуін олар жеңіп алған еді: жапондық Хью Каваниши мен Канта Ватанабемен – 10:4, пуэрторикалық Янник Альварес пен америкалық Райан Косадамен – 10:6.

Үшінші супертайбрейк басынан-ақ сәтсіз басталды: 1:3, 2:5, 4:7 және 5:10. Тартысты матч 1 сағат 27 минутқа созылды. Кондури мен Латақ бар болғаны үш допқа артық ұтты – 80:77.

Жекелей сында Жалғасбай америкалық Джек Секордпен болған бірінші матчынан кейін ракеткасын қапқа салды.

US Open-2026-да Елена Рыбакина әлі де өнер көрсетуде. Дүйсенбіде әлемдік теннис рейтингін бастайтын Қазақстанның бірінші ракеткасы финалда, сенбіден жексенбіге қараған түні беларусьтік Арина Соболенкомен ойнайды.

АҚШ ашық чемпионаты – хард кортта өтетін жыл сайынғы «Үлкен дулыға» турнирі. Күнтізбелік жылдағы төрт мейджордың соңғысы. Жалпы жүлде қоры – $108 млн, бұл мейджорлар үшін рекордтық көрсеткіш.