Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев цифрлық жұмыспен қамту қызметін енгізу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, жаңа модельдің негізгі қағидаты – жұмысты адам іздемейді, жұмыс адамды өзі табады. Бұған дейін азамат порталдан бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеп, мансап орталығына баратын. Енді жүйе жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес жұмысқа мұқтаж азаматтарды өзі анықтайды.
Жүйе жұмыссыз азаматтарға eGov және Enbek.kz мобильді қосымшалары арқылы немесе 1414 нөмірінен SMS хабарламалар жібереді. Бұдан бөлек, оларға оқыту курстарынан өту, қайта даярлану немесе қоныс аудару ұсынылады. Нәтижесінде азаматқа тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу қызметі көрсетіледі.
Бүгінде жүйе Павлодар облысында пилоттық режимде енгізілді. Онда жұмысқа орналастыру бойынша 39 мың SMS хабарлама жіберілді. Шілде айынан бері 962 адам жұмысқа орналасты. Қыркүйек айында цифрлық жүйені Маңғыстау облысында енгізу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін жүйе барлық өңірде іске қосылады.
Осыған ұқсас жүйе азаматтарға Aitu мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді болады. ЖИ-көмекші лайықты бос жұмыс орындары мен оқыту курстарын іріктеп береді.
