18 шілдеден бастап Қазақстанда цифрлық теңгені ұлттық валютаның цифрлық нысаны және заңды төлем құралы ретінде бекітетін нормалар күшіне енеді. Тиісті ережелер қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша заңда қарастырылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық теңгені шығару, айналымға енгізу және өтеу құқығы тек Ұлттық банкке тиесілі. Барлық операциялар оған тиесілі цифрлық теңге платформасы арқылы жүзеге асырылады.
Цифрлық шот клиенттің өтініші негізінде шарт жасалғаннан кейін ашылады. Платформаға қатысушылар банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, Орталық депозитарий, Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті, өзге де төлем қызметтерін ұсынушылар және Ұлттық банк айқындаған заңды тұлғалар бола алады.
Цифрлық шот арқылы цифрлық теңгені алуға және басқа шот иелеріне аударуға, оларды қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаға айырбастауға, сондай-ақ қалдық пен жүргізілген операциялар туралы ақпарат алуға болады.
Заң сонымен қатар банк шоттарындағы ақшаға белгіленген негіздер бойынша цифрлық теңгені алып қою мүмкіндігін қарастырады. Бұл ретте смарт-келісімшарттар мен таңбаланған цифрлық теңгелердің ерекшеліктері ескерілуі тиіс.
Төлемдер мен аударымдар тек цифрлық шоттағы сома шегінде жүргізіледі. Жинақтаушы цифрлық шоттарды ашуға болмайды.
Цифрлық теңге платформасы Қазақстанда 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізу және пилоттық жобалар аясында жұмыс істейді. Жаңа нормалар оның құқықтық мәртебесін және айналыс тәртібін бекітеді.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда бюджет қаражатын жұмсау кезінде цифрлық теңгені қолдануды кеңейтетінін жазған болатын. 2026 жылдың соңына дейін ол жекелеген мемлекеттік сатып алуларда және 100 млн теңгеден асатын операцияларда, оның ішінде дәрі-дәрмек, отын сатып алу, құрылыс, жол жөндеу және көлік сатып алу кезінде қолданылады. Механизм қаражаттың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға және олардың пайдаланылуын қатаң белгіленген мақсаттармен шектеуге мүмкіндік береді.
