Қазақстанда цифрлық талдау нәтижесінде медициналық көрсеткіштер бойынша 10 мыңнан астам жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігінің, Бас прокуратураның және Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Осылайша деректер алмасуды цифрландырудың нәтижесінде 10 мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігін қолдануы тоқтатылды.
«Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табады. Көлік құралын басқаруға болмайтын аурулар тізбесі нозологияның сегіз түрін қамтиды», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу кезінде медициналық куәландыру процесі де цифрландырылды. Медициналық анықтама электрондық форматқа көшіріліп, медициналық комиссия қорытындылары ақпараттық жүйелерде көрсетіледі.
