Чили елінен келген Мария есімді пайдаланушы «Әгугай» атты танымал қазақ халық әнін кәсіби және жан-тәнімен орындап, әлеуметтік желілердегі қазақстандықтардың жүрегін жаулап алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Музыка шекараны білмейтінін тағы да дәлелдеген бұл орындау қазақстандықтарды терең толқытты. Видео астындағы пікірлерде қолданушылар Марияға комплименттер жаудырып, дыбыстың тазалығы мен эмоционалдылығын атап өтті.
«Керемет», «Алтыным менің», «Керемет орындадыңыз! Оның үстіне акцентсіз – бұл ең жоғары шеберлік», «Вау», – деп жазады қолданушылар.
Марияның өзі қазақ халқына деген сүйіспеншілігін мойындады.
«Мен сендерді жақсы көремін, қымбатты қазақтарым. Бұл шынымен керемет әнді бірінші рет орындап отырмын», – деп жазды ол.
Өз аккаунтында Чилилік мұғалім Қазақстанға қатысты контентті жиі бөлісіп, домбырада ойнайды.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Сантьягода 11 жасар чилилік әнші Максимо Леон Қазақстан құрметіне Чилидің дәстүрлі ұлттық биі мен музыкалық жанры – куэканы орындағанын жазған болатын. «Kazajistán, pueblo valiente» («Қазақстан – батыл халық») композициясы Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы концерті қарсаңында шырқалды.
