Новороссийск маңында Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын америкалық Chevron компаниясының танкеріне дрондармен шабуыл жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Рейтер агенттігінің мәліметінше, Yasa Polaris танкері Каспий құбыр консорциумына жақындаған кезде пилотсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Алайда дрон соққылары компанияның операциялық қызметіне де, мұнай экспортына да әсер етпеген.
«Экипаж қауіпсіз жерде. Біз кеме операторымен және құзыретті органдармен байланыстамыз», – деді компания өкілдері.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл шабуылға қатысты пікір білдірді. Ол мұны «Киев режимінің халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға қарсы жасаған террористік әрекетінің көрінісі» деп атады. Ал Ресейдің бұл жағдайға қалай жауап беретіні туралы сұраққа Песков: «Арнайы әскери операцияны жалғастыра береді», – деп қысқа жауап берді.
