1 тамызда Астана халықаралық әуежайында әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі әрі Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы саналатын Cathay Pacific Cargo әуе компаниясының алғашқы тұрақты жүк рейсі іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әуе компаниясы Астана халықаралық әуежайы арқылы аптасына бес тұрақты жүк рейсін орындауға кірісті.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Өмірәлиевтің айтуынша, әлемдегі жетекші жүк әуе тасымалдаушыларының бірінің Қазақстан нарығына келуі еліміздің Азия мен Еуропаны байланыстыратын сенімді көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

"Cathay Pacific Cargo әуе компаниясының тұрақты рейстерінің іске қосылуы – Астана халықаралық әуежайының әлемдегі жетекші жүк әуе тасымалдаушыларының бірін тарту бағытында жүргізген жүйелі әрі ауқымды жұмысының нәтижесі. Бұл жоба бойынша жұмыстар екі жыл бойы жүргізіліп, әуе компаниясының өкілдерімен көптеген келіссөздер, жұмыс кездесулері мен консультациялар ұйымдастырылды. Тараптардың дәйекті ынтымақтастығының нәтижесінде елорда әуежайы арқылы тұрақты транзиттік бағдарламаны іске қосу туралы келісімге қол жеткізілді", - делінген елордалық әуежай хабарламасында.

Cathay Pacific Cargo – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы Cathay Pacific құрамындағы жүк тасымалы бөлімшесі әрі әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі. Компания жыл сайын 1,5 миллион тоннадан астам жүк тасымалдайды. Өзінің бағыттар желісі бойынша 40-тан астам жүк бағытына рейстер орындап, Гонконгтағы халықаралық авиациялық хаб арқылы әлемнің жүздеген қаласына жүк жеткізуді қамтамасыз етеді.

Cathay Pacific Cargo – электрондық өнімдерді, фармацевтикалық препараттарды, тез бұзылатын тауарларды, бағалы және жедел жүктерді тасымалдауға маманданған және халықаралық авиациялық логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.