Алматыдағы ең ірі автокөлік бөлшектері сауда орталығы Car City компаниясының президенті 2025 жылы 30 млн теңгеге жуық табыс тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Car City жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қоры компания басқарма мүшелеріне 2025 жылға арналған жиынтық сыйақы 29,6 млн теңгені құрағанын хабарлады. Қордың басқармасы бір адамнан – президент Арман Әбдікәрімовтен тұрады. Бір жыл бұрын, 2024 жылы, ол 28,4 млн теңге алған.
Бұдан президенттің орташа айлық жалақысы мен басқа да төлемдері 2,46 млн теңгені құрағаны көрінеді. Компания Алматыдағы сауда үй-жайларына иелік етеді. Оның негізгі қызметі – «Кар Сити» аттас автокөлік бөлшектері сауда орталығындағы сауда үй-жайларын (бутиктерді) жалға беру. Компания активтері UD Capital сенімгерлік басқаруында.
2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның пайдасы 26,3%-ға төмендеп, 968 млн теңгені құрады. Car City есебіне сәйкес, компанияның балансында 31,4 мың шаршы метр ауданы бар ғимарат (шамасы, Car City сауда орталығы) 6,3 млрд теңге құнымен және 1,6 гектар жер телімі 1 млрд теңге құнымен тұр.
Айта кетейік, Car City Алматыдағы ең ірі автокөлік бөлшектері сауда орталығы болып табылады және компания сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстандағы ең ірі авто-сауда орталығы.
Car City акцияларының 51%-ы коммерциялық жылжымайтын мүлік сегментіндегі Mercury Properties инвестициялық холдингіне тиесілі. Қалған иелері: Алина Қасымова – 16%, Раушан Сағдиева – 15%, Нұрахмет Нұриев – 10% және басқа да аз үлесті акционерлер.
Бұған дейін Алматыдағы аттас ТС иесі Car City жылжымайтын мүлік инвестициялық қоры 2024 жылдың қорытындысы бойынша өз меншік иелеріне 350 млн теңге дивиденд төлейтіні хабарланған болатын.
