Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЗЖҚ) 20 жастағы адамның жеткіліктілік шегі неліктен бірден 6 миллион теңгеге дейін көтерілгенін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қор мамандары 20 жаста ондай соманы жинау мүмкін емес екенін біліп отыр. Алайда еңбек жолының бастапқы кезінде аударылатын зейнетақы жарнасын ұзақ мерзім бойы инвестициялауға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде "күрделі пайыз" есебінен ең жоғары инвестициялық кіріс қалыптасады. Сондықтан зейнетақы жинақтарын ерте шешіп алу болашақтағы зейнетақы көлемін айтарлықтай азайтады.

"Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуға тиіс нысаналы зейнетақы мөлшеріне негізделеді. Бұл – белгілі бір жаста зейнетақы шотында болуға тиіс ең төменгі сома. Ол зейнеткерлік жасқа дейін және кейін де жарна аударылмаған жағдайда қарттық кезеңде жеткілікті төлем алуды қамтамасыз етуге тиіс", – дейді мамандар.

Мысалы, салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына шамамен 40 жыл бар. Осы аралықта жинақтар инвестицияланып, қосымша кіріс әкелуге тиіс. "Егер қандай да бір себеппен азамат зейнетақы жарнасын тоқтатса да, шоттағы 6 миллион теңгеден асатын қаражат инвестициялық кіріс есебінен зейнеткерлік жасқа дейін ең төменгі зейнетақы стандартына сәйкес төлем алуға мүмкіндік береді", – делінген ресми хабарламада.