Жамбыл облысында бұрынғы әйелінің қолын сындырған ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін қайта қосылып, бір үйде тұрған. Былтыр екеуінің арасында тұрмыстық жанжал шыққан.

Сол кезде сотталушы әйелін бірнеше рет бетінен ұрған. Есінен танып қалған жәбірленушінің қолын да сындырған, делінген соттың хабарламасында.

Әйел медициналық көмекке жүгінбекші болғанда тағы жанжал шыққан. Сотталушы оның ар-намысына тиетін сөз айтып қорлаған.

Бұған дейін қалалық сот басбұзарды 1 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Ол сот актісін даулап, өзін ақтауды сұраған.

Апелляциялық алқа іс материалдарын зерттеп, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.