Burger King Kazakhstan мейрамханалар желісі аутизм спектрінің бұзылысы бар қызметкері Әлібек Қаратайға қысым көрсетті деген айыптан соң дау ортасында қалды. Бұл жағдайға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласып, істі өз бақылауына алды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Дау Әлібектің анасының әлеуметтік желідегі жазбасынан басталды. Оның айтуынша, ұлы осы мейрамханада төрт жылға жуық аспаз болып жұмыс істеген. Алайда соңғы кездері оған қысым күшейіп, жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүрлеген.

Жағдай қоғамдық резонанс тудырған соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекторы Әлібек Қаратайдың үйіне арнайы барып, оның әкесіне еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктер мен өтініш беру тәртібін түсіндірген.

««Жұмыс берушіден («QSR» (Burger King) ЖШС) алынған ақпаратқа сәйкес, ұйымда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеріс кезеңінде басшылардың бірі қызметінен уақытша шеттетілді», – делінген министрлік хабарламасында.»

Өз кезегінде компания басшылығы Әлібек Қаратайдың жұмыстан шығарылмағанын мәлімдеді. Олар жағдайды реттеудің бірнеше жолын, соның ішінде қызметкерді басқа мейрамханаға ауыстыруды ұсынғанын және оның отбасымен диалогқа дайын екенін жеткізді.

Фото: Әлеуметтік желіден