Павлодардағы мектептердің бірінде мемлекеттік туды шелекке салып өртеп, елтаңбаны балғамен сындырған видео қоғамда үлкен дау тудырды. Кейін бұл мемлекеттік рәміздерді жоюдың заңды рәсімі екені белгілі болды, алайда мектеп директоры видеоның тарап кетуіне байланысты жазаланды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Павлодар қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, оқиға 5 ақпанда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектепте болған. Арнайы комиссия белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін, тозығы жеткен ту мен елтаңбаны жою туралы шешім қабылдаған.

Рәміздерді жою рәсімі бекітілген регламентке сай жүргізілген. Ережеге сәйкес, ту өртеліп, ал елтаңба балғамен бөлшектеліп жойылған. Бұл әрекеттердің барлығы арнайы хаттамаға тіркелген.

Әлеуметтік желіге тарап кеткен видео ішкі есеп үшін ғана түсірілген. Алайда тиісті бақылаудың болмауынан таспа желіде жарияланып кеткен.

Осыған байланысты Павлодар қалалық білім бөлімі видеоның таралуына жол бергені үшін мектеп директорына қатаң сөгіс жариялағанын мәлімдеді.

Фото: Әлеуметтік желіден