«TAUEKEL» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов қандастар көші-қонына қатысты жаңа заңнаманы «сынақ полигоны» деп атап, Президентке видеоүндеу жолдауға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта шетелден келетін этникалық қазақтар үшін көптеген проблема туындаған. Мәселен, жаңа ереже бойынша Қытайдан келетін қандас сол елден шығуға рұқсат беретін арнайы қағаз алуы тиіс. Алайда, белсендінің сөзінше, Қытай билігі мұндай құжатты алуды өте қиындатып жіберген.

Бұған қоса, сотталмағаны туралы анықтама, арнайы тесттен өту сияқты талаптар да көші-қонды тежеп отыр. Сондай-ақ, елге келген қандастар 5 жыл бойы азаматтық ала алмайды. Ал оңтүстік өңірге тіркелген отбасы солтүстікке қоныс аударса, бір жыл тұрмайынша үкіметтен ешқандай көмек ала алмайтын болған.

««Мынаның бәрінен өткен адам ғана Қытайдан көшіп, солтүстікке тұрақтай алады. Бұл дегеніміз – көш мәселесіне қойылған тосқауыл деп түсінемін. Осы мәселе бойынша видео үндеу жасап, қандастарға қатысты заңға 5 жылға мораторий сұрасам деймін. 5 жыл ішінде көшетін жұрт көшіп үлгерсін. Одан кейін осы заңнаманы қайта іске қоса беруге болады», – дейді Бурахан Дақанов.»

Белсендінің пікірінше, мұндай толық ойластырылмаған заңнамалар тек Қытайдан ғана емес, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Моңғолиядан келетін қандастарға, тіпті ішкі көші-қонға да қиындықтар тудырып жатыр.

««Тек үкімет сұрағанымызды беріп, қолдау көрсетсе, біз Президенттің тапсырмасын орындап береміз», – деп түйіндеді сөзін «TAUEKEL» ұйымының төрағасы.»