Миллионер Кенес Ракишевке тиесілі БТА Банктың үш басқарма мүшесі 2025 жылы жалпы 238,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық есептілік депозитарийінің (DFO) порталында жарияланған мәліметтерге сәйкес, әр басшыға жылына орта есеппен 79,5 млн теңге, яғни айына 6,62 млн теңгеден келген. Өткен жылмен салыстырғанда бір топ-менеджерге төленетін сыйақы мөлшері 6,3%-ға өскен.

Соңғы жылдары банк басшылығының сыйақысы үздіксіз өсіп келеді. 2020 жылы басқарманың сегіз мүшесі жалпы 205,5 млн теңге алған. Бұл бір адамға жылына орта есеппен 25,7 млн теңге, яғни айына 2,14 млн теңгеден келген.

2021 жылы басқарма мүшелерінің саны алтыға қысқарған, ал жалпы төлем көлемі 221,7 млн теңгеге дейін өскен. Бір басшының орташа сыйақысы жылына 37 млн теңгеге (айына 3,08 млн теңге) жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,9%-ға артық.

2022 жылы БТА басқармасының құрамына төрт адам кірген. Олар 207,9 млн теңге алған, бұл әрқайсысына орта есеппен 52 млн теңгеден келген. Бір топ-менеджерге төленетін сыйақы тағы 40,7%-ға өскен.

2023 жылы басқарманың үш мүшесі 168,9 млн теңге тапқан. Әрқайсысы жылына орта есеппен 56,3 млн теңге, яғни айына шамамен 4,69 млн теңге алған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 8,3% құраған.

2024 жылы үш басшының жиынтық сыйақысы 224,4 млн теңгеге дейін өскен. Әрқайсысына жылына 74,8 млн теңге (айына 6,23 млн теңге) тиесілі болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 32,9%-ға көп.

Осылайша, бес жыл ішінде БТА Банк басқармасының бір мүшесінің орташа сыйақысы үш еседен астамға – жылына 25,7 млн теңгеден 79,5 млн теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар топ-менеджерлер саны сегізден үш адамға дейін қысқарған.

Банк басқармасының қазіргі құрамына Сахильжан Дугашев, Наталья Логинова және Акмарал Шуртабаева кіреді.

БТА Банк бір кездері еліміздегі ірі коммерциялық банктердің бірі болған, бірақ 2015 жылғы маусымда банктік қызметін ресми түрде тоқтатып, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне лицензиясын өз еркімен тапсырған. Бұл қайта құрылымдау және Қазкоммерцбанкпен бірігу аясында жүзеге асқан. 2024 жылғы есептілікке сәйкес, оның негізгі иесі қазақстандық миллионер Кенес Ракишев болып қалады. Ол Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде $402 млн байлығымен 27-орында тұр.

Қазіргі уақытта БТА Банк классикалық қаржы институты ретінде емес, проблемалық активтерді өндіріп алуға және қайта құрылымдауға бағытталған банктік емес инвестициялық және басқарушы компания ретінде жұмыс істейді.

Активтер құрылымын оңтайландыру аясында БТА шетелдік банктік бизнестерден біртіндеп шықты. 2024 жылы беларусьтік «БТА Банк» ААҚ (кейін Neo Bank Asia деп аталған) 99,93% акциясын сату мәмілесі аяқталды, ал 2025 жылдың жазында украиналық еншілес құрылымды жергілікті инвесторларға сату мақұлданды.