Брюссельде «Қазақстан мен ЕО арасындағы байланысты нығайту: Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (ТХКМ) перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» атты халықаралық іскерлік конференция өтуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің және ҚР Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Конференцияға Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінен 100-ден астам жоғары лауазымды қатысушы жиналды. Олардың қатарында: Еуропарламент депутаттары, Еуропалық комиссия өкілдері, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Үкіметінің басшылары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы, халықаралық қаржы институттарының (ЕҚДБ, ЕИБ) өкілдері, ірі көлік-логистикалық компаниялар, жүк иелері және салалық қауымдастықтар.
Конференцияда негізгі баяндамаларды ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, Еуропарламенттің, ҚТЖ басшылығының өкілдері, сондай-ақ DHL Global Forwarding, Alstom, DB Cargo, HHLA International, RHENUS, Hellmann Worldwide Logistics, Ahlers Logistics және A.P. Moller – Maersk сияқты ЕО-ның жетекші логистикалық корпорацияларының топ-менеджменті жасады.
Конференция Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық кеңес Президентінің шақыруымен Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында өтуде.
Бұл алаң жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогтың практикалық жалғасы болып табылады. Мемлекет басшысының сапары аясында Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштамен, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен және Бельгия Премьер-министрі Барт Де Вевермен маңызды келіссөздер жоспарланған.
Қатысушылардың назарында Орталық дәлізді дамытудың стратегиялық мәселелері, оның ішінде ТХКМ өткізу қабілетін арттыру, теміржол, порт және терминал инфрақұрылымын жаңғырту, логистикалық процестерді цифрландыру, Еуразия кеңістігінде тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру және басқалары.
Пікірталастар барысында Орталық дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway жаһандық бастамасымен интеграциялауға, сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік және цифрлық байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Делегаттардың жоғары мәртебесі мен ҚР Президенті сапарының күн тәртібімен үндестігі еуропалық институттардың, халықаралық қаржы ұйымдарының және бизнестің Орталық дәлізді дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын растайды, бұл Қазақстанның Еуразия мен ЕО арасындағы негізгі транзиттік-логистикалық хаб ретіндегі мәртебесін бекітеді.
Анықтама: Еуропалық кеңес — бұл ЕО-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары кіретін орган. Ол Еуропалық Одақты дамытудың негізгі саяси бағыттары мен стратегиялық басымдықтарын анықтайды, бірақ әдетте заңдар қабылдамайды. Еуропалық комиссия — ЕО-ның атқарушы органы. Ол заң жобаларын әзірлейді, Еуропалық Одақ заңдарының орындалуын қадағалайды, ЕО бюджетін басқарады және жекелеген елдердің емес, бүкіл одақтың мүдделерін білдіреді.
