Британдық Фэрфорд әуе базасының жанында полиция жарылғыш заттары бар бірнеше ер адамды ұстады. АҚШ әскерилері осы базадан Иран нысандарына соққы берген болатын. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәлімдесі
Қауіпсіздік органдарының деректері бойынша, әскери саперлер қазір көліктерді тексеріп жатыр.
«Уэлфорд ауданында бірқатар үйдің тұрғындары ірі оқиға жарияланғаннан кейін эвакуацияланып жатыр. Бұл жарылғыш заттар туралы заңда көзделген қылмыстарға күдікті бірнеше ер адамның ұсталуына байланысты», — деп хабарлады Глостершир графтығының полициясы.
База маңындағы жағдай
Қарулы полицейлер базаға кіретін басты жолды жауып тастады. Фэрфорд ауылында 30-ға жуық жедел қызмет көлігі жиналды, аудан үстінен тікұшақ ұшты.
Бұған дейін Ұлыбритания АҚШ-қа Фэрфорд базасын Иранның зымыран нысандарына соққы беру үшін пайдалануға рұқсат берген еді. Лондонның мәлімдеуінше, сол нысандардан Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуыл жасалған.
Шілде айында Ислам революциясының сақшылар корпусы мұндай соққыларға тартылған базалар жауап соққыларының нысанасына айналуы мүмкін деп ескерткен болатын. Британ полициясы ұсталғандардың себептері туралы әзірге хабарлаған жоқ.
Бұған дейін «Курсив» АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ұсынған жеті күндік бітім және Ормуз бұғазын ашу жоспарын қабылдамағаны туралы жазған еді.
