20 маусым түні хакерлер Бразилияның ұлттық азаматтық қорғаныс жүйесіне (Defesa Civil Alerta) еніп, мыңдаған адамды үркітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірнеше штаттың тұрғындары кенеттен смартфондарынан қатты дабыл сигналын естіді – тіпті дыбыссыз режимде болса да. Экрандарда «misantropia» (немесе хакерлік стильде «misantropi4») деген қысқа хабарлама пайда болды. Бұл сөз адамзатқа деген өшпенділік немесе жиіркенішті білдіреді. Ресми түрде ешқандай нақты апат болған жоқ. Билік жүйені дереу өшіріп, одан әрі таралуын тоқтатты.

Defesa Civil Nacional мәлімдемесінде: «Платформаға бөгде адам еніп, хабарламаны жүйеге қатысы жоқ адам немесе топ қашықтан жіберген. Бұл хакерлік шабуыл болуы мүмкін», – деп растады. Іс Федералды полицияға берілді.

Оқиға Парана штатынан басталып, Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Федералды округ және басқа аймақтарға тарады. Жүйе Cell Broadcast технологиясын пайдаланады – ол жазылусыз және интернетсіз қамту аймағындағы барлық телефонға хабарлама жібереді. «Төтенше дабыл деңгейінде» телефон сиренаға ұқсас қатты дыбыс шығарады.

Әлеуметтік желілерде жаңалық тез тарады. Көптеген тұрғын алдымен нақты апат деп ойлады, кейін әзілдей бастады. Кейбір БАҚ пен пайдаланушылар драма қосып, жат планеталықтардың шабуылы туралы айтты, бірақ ресми дереккөздер мұны растамады – нақты хабарламада тек «misantropia» сөзі болды.

Бразилияның Интеграция және аймақтық даму министрлігі жүйені толық қауіпсіздік тексеруден өткізгеннен кейін ғана қайта іске қосуға уәде берді. Сарапшылар бұл оқиға маңызды мемлекеттік инфрақұрылымның осалдығын көрсеткенін атап өтті.

Қазақстанда да жер сілкінісі туралы хабарландыру жүйесі бар. Алматы әкімдігі оған 583 млн теңге жұмсаған.