Бразилия билігі сенатор Флавиу Болсонарудың паспортын жойды, ол президенттік сайлауда жеңілгеннен кейін Жоғарғы соттың талабы бойынша құжаттарды тапсырмады. Полиция оның орналасқан жерін анықтауға тырысуда. Reuters дереккөздерінің соңғы мәліметтері бойынша, саясаткер елден кетіп, АҚШ-қа бет алған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
26 қазанда сот Болсонаруға паспорттарын полицияға тапсыру үшін 24 сағат уақыт берді және Бразилиядан шығуға тыйым салды. Бұл шешім ақшаны жылыстату туралы тергеуге байланысты. Сенатор құқық бұзушылықты жоққа шығарады.
«Маған көшеде тұрып-ақ паспорттарымды тапсыруды бұйырды, сондай-ақ елден шығуға тыйым салды», — деді Болсонару әлеуметтік желілерде және талапты орындауға уәде берді. Алайда құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмады.
Полицияның мәліметінше, сенатор ресми көші-қон бақылау пункттері арқылы елден шықпаған. Оның нақты қайда екені және АҚШ-тан баспана сұрауды жоспарлап отырғаны белгісіз.
Бұған дейін «Курсив» жазғандай, 25 қазанда өткен президенттік сайлаудың екінші турында Флавиу Болсонару 80 жастағы қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваға жеңілді. Сенатор жеңілісті мойындаудан бас тартып, болжамды бұзушылықтарға байланысты нәтижелерді жоюға қол жеткізетінін мәлімдеді. Сонымен қатар оның Либералдық партиясы Луланың жеңісін мойындады.
Флавиу — бұрынғы президент Жаир Болсонарудың үлкен ұлы, ол 2022 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін де АҚШ-қа кетіп, кейін Бразилияға оралған. Кейінірек ол мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасады деген іс бойынша 27 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Кейін конгресс мерзімді қысқарту туралы заң жобасын қолдады, бұл наразылықтар тудырды. Әкесін босату Флавиудің сайлауалды уәделерінің бірі болды.
