Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Чапай-Жаңақала-Сайхын бағытындағы тас жолда орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрылды, деп хабарлайды qazaqyia.kz/ ақпарат порталы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы Жаңақала ауданында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты оның мән-жайын толық әрі объективті анықтауды, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді, жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайына талдау жүргізіп, құзыретті органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. Комиссия құрамына облыс прокуроры, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалар басшылары, Жаңақала ауданының әкімі енгізілді.

Облыс әкімі қиын сәтті өткеріп отырған отбасылардың қайғысына ортақтасып:

««Бұл — бүкіл өңіріміз үшін өте өкінішті жағдай. Ауыр қаза қаншама отбасына орны толмас қайғы әкелді. Зардап шеккендерге тиісті медициналық жәрдем беріледі, ал қаза тапқандардың отбасыларына Заң асында көмек көрсетілетін болады», — деді.»

Өңір басшысы Жаңақала ауданының әкіміне қаза тапқан жандардың жерлеу рәсімін ұйымдастыруды, сондай-ақ зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

17 қараша күні Чапай – Жаңақала — Сайхын бағытындағы тас жолдың 50-шақырымында Toyota Camry және Volkswagen Sharan автокөліктерінің соқтығысуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, екі көліктің бірі өртенген. Оқиға орнында 8 адам қаза тауып, 4 адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаза тапқан азаматтар Жаңақала ауданының Мұқыр, Жаңақала, Қызылоба, Мәштексай ауылдарының және Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылының тұрғындары.