Батыс Қазақстан облысының Өркен ауылында жасөспірім жарты жыл бойы буллингке ұшыраған. Әділдік іздеген ана әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға қалай болған, оқушыға тиіскен кім, Sputnik Қазақстан тілшісі жасөспірімнің анасы Айнамгүл Тасжаннан сұрап білді.

Әжесінің қолында оқыды

Атыраулық оқушы нағашы әжесіне қолғабыс болу үшін биыл қыста Батыс Қазақстанға келіп оқыған. 9 сыныптың жарты жылын басқа мектепте жалғастырған.

«Әкем қайтыс болған соң, анамның қасында болсын деп жібердік. 11 сыныптың оқушысы сол кезден тиісіп бастаған, ақша талап еткен», - дейді анасы Айнамгүл Тасжан.

Сабаққа барғысы келмеген

Әу баста ата-ана бұл жағдайдан бейхабар болған. Тек оқушы 10 сыныпқа көшіп, жаңа оқу жылы басталғанда белгілі болған.

«Оқу жылына киім әперейін десем көнбейді. Крассовкиге қызығып ала беретін балам "қораға киетін аяқ киіммен жүре берем" дейді. Сенесіз бе, жаңа киім алу үшін 10 күн үгіттедім. Сондағысы сабаққа мүлдем барғысы келмеген екен. Өте тәртіпті, сабағы жақсы баламның мектепке деген ниетін мүлдем жойып жіберген», - дейді анасы.

Ас ішуден қалған

Оқушы ас ішуден қалып, бүк түсіп жатып алған.

«Алаңдағанымыз соншалық дәрігерге қаралдық, денсаулығы жақсы деді. Сол аралықта мен Атырауға бір шаруамен жолға шықтық. Ұлыма телефон соғумен болдым, ол түнде далада жүрді. Ондай әдеті жоқ еді, анам "Жан біртүрлі болып жүр, ауырып қалды ғой деймін" деді. Әжесі көшеге шығып іздеген, таппаған», - дейді Айнамгүл Тасжан.

«Әже, ауырып тұрмын»

Жасөспірім үйге келгенде әжесіне «үйге кіргім келмейді, жүрегім қысылып тұр» дей берген.

«Балам "әже, көмектесші ауырып тұрмын" дей берген. Анам жүгіріп көлік тауып, ауруханаға апарады. Ол жердегілер бәрі жақсы деп қайтарып жібереді. Ұлым Орал қаласында тұратын апамның үйіне барады. Балам тек жедел жәрдем фельдшері келгенде ғана "мені балалар ұрды" деп айтқан», - дейді анасы.

Сыныптастарын да ұрған

Жасөспірім ақша беруге келіспегендіктен әлімжеттік көрсеткен оқушы оның сыныптастарын да ұрған. Амалсыз бәрі ақша жинап беріп тұрған дейді, оқушының анасы.

«Мен ол баланың үстінен арыз жазғым келмеді. Бірақ кешірім сұрау, қателігін түсіну деген болған жоқ. Керісінше полицияны алдап, мүлдем басқа мәлімет берген. Ұлымды футбол ойнауға барғанда "ақша бермедің" деп қасындағы үш баламен қоса ұрған. Қысқасы менің балама үнемі қысым көрсетіп қорқытумен болған», - дейді ана.

Ұрған бала - көршісі

Ұрды деген оқушы дәл іргелес тұрған көршісі.

«Естуімше, бір менің ғана баламды емес, қаншама балаға қысым көрсетумен айналысқан. Қазір ұлым онлайн оқып жатыр», - дейді жәбір көрген оқушының анасы.

Полиция оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қылмысқа қатысы бар барлық адамдармен қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Тергеу жалғасып жатыр, дейді БҚО полиция департаменті.