Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша есепшісі 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, аудан прокуратурасының тексерісі барысында балабақша есепшісі өзіне штаттық кесте бойынша бекітілген еңбекақыдан жоғары мөлшерде қосымша қаражатты 5 жыл бойы өзінің банктік есеп-шотына негізсіз аударып келгені анықталған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған норманың санкциясы кінәлі тұлғаның мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
