Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді», - деді Бозымбаев.
Вице-премьер мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайтынын айтты. «Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын», - деді премьер-министрдің орынбасары.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында 24 қыркүйек күні оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 17 әскери қызметшіні толқын алып кеткен. Көз жұмғандар саны 12-ге жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр тұрақты екенін хабарлады. Қалған екі әскери қызметкерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қайғылы оқиғаға байланысты дереу үкіметтік комиссия құрылды. Президент 25 қыркүйекті Қазақстанда аза тұту күні деп жариялады.
