Алматы облысының Боралдай кентінде жаппай тамақтан улану оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 19 адам ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Іле ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы «Алатау» базары аумағында орналасқан Sushi Time мекемесінің өнімдерін тұтынған. Оқиғадан кейін қоғамдық тамақтану нүктесі тексеру аяқталғанша жұмысын тоқтатты.

Оқиға орнында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмыс істеуде. Ведомство мекемеге тексеру жүргізіп, дайын өнімдерден, шикізаттан және беттерден сынамалар алып, зертханалық талдауға жіберді.

«Ведомство қызметкерлері мекемеге жедел тексеру жүргізіп, дайын өнімдерден, шикізаттан, сондай-ақ беттерден жуындылар алды. Барлық материалдар инфекцияның нақты себебі мен қоздырғышын анықтау үшін дереу зертханалық талдауға жіберілді», – деп хабарлады ведомстводан.

Жағдай профильді органдардың бақылауында, зертханалық зерттеу нәтижелері кейін жарияланады. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Бұған дейін «Курсив» суши мен ролл әуесқойларын тәуекелдер туралы ескерткен болатын. Суши мен ролл сияқты сүйікті жапон деликатестерін ресми емес нүктелерден немесе жеке тұлғалардың Instagram-аккаунттары арқылы сатып алу – аурухана төсегіне түсудің тікелей қаупі, деп мәлімдейді СЭБК.

Қазақстандық санитарлық дәрігерлер шығу тегі белгісіз шикізатты пайдалану, температуралық режимді елемеу және аспаздардың санитарлық кітапшаларының болмауы мұндай өнімдерді денсаулық үшін қауіпті ететінін ескертеді.