Болгария аумағында Румыниямен шекарадағы Трансбалқан газ құбырының компрессорлық станциясына жақын жерде ұшқышсыз ұшу аппараты құлап, жарылды. Болгар билігі дрон Украинаға тиесілі болуы мүмкін деп болжап, оқиғадан кейін елдің Сыртқы істер министрлігі украин елшісін түсініктеме беруге шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Болгар ұлттық телеарнасының (БНТ) хабарлауынша, Болгария сыртқы істер министрінің Украина елшісі Олеся Илащукпен кездесуі 10 тамызға, дүйсенбіге жоспарланған.
Ел билігінің мәліметінше, дрон Румыния жағынан Болгарияның әуе кеңістігіне енген, содан кейін Трансбалқан газ құбырының компрессорлық станциясынан шамамен бір шақырым жерде жарылған. Нысан бұрынғы «Кардам» шекара бекетінің маңында орналасқан.
Болгария Қорғаныс министрлігі бұл украиндық «Мая» дрон-алдауышы болуы мүмкін деген болжам айтты. Сонымен қатар, ел билігі дронның Болгария аумағына әдейі бағытталған деп санамайды.
Украина Сыртқы істер министрлігі украин әскерилерінің Болгария жаққа ешқандай дронды әдейі бағыттамағанын мәлімдеді.
«Украинаның қорғаныс күштері Болгария жаққа ешқандай құралды әдейі бағыттаған жоқ», — деді Украина Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Георгий Тихий.
Киев, егер құлаған дронның шынымен Украинаға тиесілі екені расталса, Софиямен оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін ынтымақтасуға дайын екенін білдірді.
Дрон құлағаннан кейін Болгария үкімет басшысы Румен Радев Қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысын шақырды.
Оның айтуынша, дронды Румынияда да, Болгарияда да радиолокациялық бақылау құралдары уақытында анықтай алмаған. Радев бұл оқиға төмен ұшатын нысандарды анықтау мүмкіндіктерін күшейту қажеттігін тағы бір рет көрсеткенін айтты.
Болгар билігі стратегиялық нысандардың қорғанысын күшейтіп, дрондарға қарсы тұру үшін күштерді қайта орналастыруды жоспарлап отыр.
2026 жылдың маусымында Болгария Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтатты. Ел билігі бұл шешімді ресей-украин соғысын тоқтату жөніндегі дипломатиялық күш-жігерді қолдаумен түсіндірді.
