Астанада өткен «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің трансляциялары әлем бойынша 453 миллионнан астам қаралым жинады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 12 күнге созылған жарысқа 50-ден астам елден 800-ден астам қатысушы жиналды. Жарысқа елорданың төрт спорт нысанында сегіз дисциплина бойынша өнер көрсеткен 108 команда қатысты.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 4,65 млн долларды құрап, командалардың өнерін трибуналардан 29 мыңға жуық көрермен тамашалады.
Турнирдің халықаралық медиа қамту ауқымы кең болды: жарыс 289 арна, оның ішінде 56 медиа серіктес пен 229 стример арқылы таратылып, 150-ден астам ел мен аумақта 20 тілде қолжетімді болды. Турнирдің жиынтық ықтимал медиа қамту аудиториясы 7,68 млрд адамды құрады.
Қазақстандық командалар турнирдің барлық сегіз дисциплинасы бойынша бақ сынады. Отандық спортшылар үшін жарыстың басты жетістігі — Team KZ командасының Phygital Shooter (CS2) дисциплинасы бойынша чемпион атануы болды.
Шетелдік көрермендер Астананың заманауи келбетімен, спорт нысандарымен және елдің дамыған инфрақұрылымымен танысуға мүмкіндік алды. Мұндай халықаралық медиатаралым Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға да ықпал етіп, елімізге саяхаттауға, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге қолайлы орын ретінде қызығушылық қалыптастырды.
Мұндай ауқымды турнирлерді өткізу отандық спортшылар мен киберспортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды тартуға, сондай-ақ дене шынықтыру, цифрлық дағдылар мен заманауи технологиялар өзара үйлесетін жаңа спорттық экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.
